Әдетте “кәмелетке толмағанар” деп — 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді айтамыз ғой. Бұл — олардың үйдегі, мектептегі балалық шағы, өсу кезеңі, өтпелі кезеңі. Міне, осы кезде кәмелетке толмаған қыздардың жүктілігі көп тіркеледі екен.
Бұл келеңсіз көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы республикада көш бастап тұрғаны — әрине, кім-кімді де алаңдатары сөзсіз.
– Бұл статистиканың ішінде біздің ауданның үлесі қанша?
– Оның себеп-салдарына анализ жасаған адам бар ма?
– Алдын алу үшін не істеу керек?
Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көргенімізде, Қарақия аудандық орталық аурухананың гинеколог дәрігері Басқараева Гульзада Сейфуллинқызы:
– Медицицнада 18 жасқа дейін болған жүктілік ерте жүктілік деп саналады. Себебі, қыз балалардың дене мүшелері 18 жасқа дейін қалыптасып өседі. Ағза толық жетілмеген кезде жыныстық қатынасқа түсу де, жүкті болып босануы да өте ауыр болады, денсаулығына зиян келтіреді және психологиялық дағдарысқа ұшырайды.
Мен биыл Құрықтағы №1 және №6 мектептерде осы тақырыпта оқушылармен кездесіп, ерте жүктіліктің алдын алу туралы дәріс бердім. Бұл әрине аз, бұған ата-аналар мен ұстаздар да атсалысуы керек.
Өкінішке орай ауданымызда өткен жылы кәмелетке толмағандардың 8 жүктілігі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 айда 2 факт тіркелді, дейді.
Гульзада Сейфуллақызының айтуынша, ерте жүкті болып қалған қыздарда аяқтың күп болып ісуі, қан қысымының көтерілуі, ашуланғыштық, жүйке күйзелісі, ұйқысыздық сияқты аурулар жиі кездесетін көрінеді.
Осындай жағдайда ота жасатып, баласын алдырып тастайтын болса, денсаулығы күрт нашарлайды, енді қайтып бала көтере алмай, бедеу болып қалуы да әбден мүмкін, екен.
– Ерте жүктіліктің себебі неден деп ойлайсыз?
Оның себеп-салдарына анализ жасағандар не дейді?
– Әрине, бұл олардың жыныстық қатынасқа ерте түсуіне байланысты. Бұған олардың анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері де, отбасындағы, мектептегі тәрбиесінің нашарлығы да, өмір сүретін өңірі, ортасындағы жағдайы, сонымен қатар теледидар, ғаламтордағы бейәдеп ақпараттар да әсер етеді.
– Ендеше, ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеу керек?
Жоспарланбаған жүктіліктен сақтанудың тәсілдері туралы ата-анамен жиі әңгімелесу керек. Жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқу. Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі керек. Осындай өмірге ол дайын ба? Баланы көтеріп,өмірге әкеле ала ма? Егер ол ерте жүктілікке әзір болмаса, ол сақтанудың жолдары және құралдары туралы толық ақпараттануы керек.
Отбасында әкесі ұлына, шешесі қызына жыныстық қатынасты ерте бастаудың салдары неге әкелетінін түсіндіру керек.
Айналып келгенде, қыз баланың тәриесіне баса мән беру керек. Қазақ айтады ғой, “Қызға қырық үйден тыйым, қала берсе, есіктегі күңнен тыйым сал” деп.
– Гүлзада Сейфуллинқызы, сұрақтарымызға жауабыңыз үшін рахмет!
Сұхбатымызды қорыта келе, жасөспірімдер арасындағы психологиялық-эмоциялық атмосфера және отбасылық мәселелерді отбасында бірігіп шешу маңызды екенін түсіндік.
Расында, жасөспірімдердің жеке басының гигиеналық тәртібіне отбасының, жүрген ортасының ықпалы ерекше. Алайда, қазақи ортада ол жағын ашып айтуға ұялатынымыз, баланы “әлі жас” деп ойлап, айтуға батпайтынымыз тағы бар. Соның салдарынан жасөспірімдердің отбасы, ерте жүктіліктің алдын алу, жыныстық қарым-қатынас туралы таным деңгейі төмендеуі мүмкін.
Сондықтан тәрбиелі, көргенді деген өңірдің өзінде келеңсіздік көбірек орын алуы әбден мүмкін ғой, сіз қалай ойлайсыз?
Қыздарымызды қорғайық!
Сұхбатты жүргізген: Шынар Кендін